Қазақ халқының ескі мұрасының бірі – тоғызқұмалақ ойыны. Сыр өңірінің төрінде орналасқан Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде белгілі қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан республикалық турнир өтті. Бұл турнир 15 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Биылғы жарысқа 300-ге жуық қатысушылар келіп, бақ сынасты.
Көшпелі халықтың өмірінде бүтін сандардың төрт амалын есептеп шығару осы тоғызқұмалақ ойыны арқылы қалыптасқан. Сондықтан да бұл ойын «малшы математикасы» деп аталды. Шындығында, бұрын далада кездесе кеткен екі малшы осы ойындағы «қазан» мен «отаудың» жерін ойып, дорбаларындағы қойдың кепкен 81 құмалағын әр отауға тоғыз, тоғыздан бөліп салып, ойнайтын болған.