Қызылорда облысында алғаш рет Африкалық түйеқұс фабрикасы ашылды. Қазіргі таңда түйеқұстың 30-ға жуығы әкелінсе, олардың санын 100-ге жеткізу жоспарлануда. Мамандардың айтуынша, бұл түйеқұстың түрі біздің аймағымызға тез бейімделуде. Бойы 2,5-3 метрге, салмағы 100-160 кг-ға дейін жететін құс сағатына 70 шақырымға дейін жүгіре алады. Айта кетері, 1 түйеқұс жылына 50-60 жұмыртқа береді екен.
Сырдария ауданы Бесарық ауылында арнайы салынып жатқан қоражайда 100 Африкалық түйеқұс күтімге алынып, инкубатор арқылы 2 есеге дейін көбейтілмек. 80 келіге дейін ет беретін африкалық түйеқұстың әр дана жұмыртқасы 3-5 мың теңге аралығында саудаланады. Аталған жоба ойдағыдай жүзеге асса, қосымша 10 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі таңда 30-ға жуық түйеқұсты жергілікті 4 тұрғын баптауда.