Оқушылар сыр ақынымен кездесу өткізді

Тасбөгет қыстағында №176 мектеп оқушылары мен ұстаздары белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі Шаһизада Әбдікәрімовпен кездесті. Ақынның 60 жасқа мерейтойына орай ұйымдастырылған шарада мектеп оқушылары журналистің өлеңдерін оқып, шығармашылығымен танысты. Шаһизада Әбдікәрімов 1957 жылы 16 қыркүйекте Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, «Жаңажол» ауылында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірген. Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек жолын бастайды. Байқоңыр қалалық телекомпаниясының төрағасы, республикалық «Қазақстан–1» теледидарының Қызылорда облысы және Байқоңыр ғарыш кешеніндегі меншікті тілшісі, Қызылорда арнайы экономикалық аймағы теледидарының төрағасы қызметтерін атқарған. Қоғамдағы түйіткілді мәселелерді қаламымен түйреген журналист Байқоңыр ғарыш айлағының қыр-сырын жете зерттеген. Әріптес достары ақынды ғарыш саласын жетік білетін ғалым деп те атайды. Қызметпен қоса шығармашылықты да жанына серік еткен ақын, бірнеше өлең жинақтар кітабын шығарды. Кездесуде Шаһизада Өтетілеуұлы жиналғандарға өзінің балалық шағынан естелік айтып, қаламгерлік қасиетінің құпиясымен де бөлісті. Ақынның алғашқы өлеңдер топтамасы 1975 жылы жас ақындардың «Көктем тынысы» кітабына енген. 1983 жылы «Қарлығаш» ұжымдық кітабында өлеңдері жарық көрген. «Байқоңыр», «Төрткүл» өлеңдер жинағының авторы. Қырғыз ақыны Акбар Рысқұловтың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. 2001 жылы «Байқоңыр» өлеңдер жинағы қырғыз тілінде жарық көрді. Өтетілеуұлының өлеңдері негізінен оқырманын Отансүйгіштікте, елін, жерін сүйюге, адал махаббат пен пәк сезімге жетелейді. Кездесуде қаламгер өз өлеңдерін оқып, жиналғандарды қара өлеңнің құдіретіне бөледі. Оқушылар да өз кезегінде өздері жатқа білетін ақын өлеңдерін оқып, мектеп ұстаздары мен шәкірттері жыр гладиаторының сөзіне жазылған әндерді шырқады. Мектеп ұжымы мұндай кездесулер шәкірттердің шығармышылығын шыңдап, өресін өсіреді деп біледі. Сондай-ақ жас буын аға буынның еңбегін біліп, өздеріне үлгі ету қажет деп санайды. Жүздесу соңында оқушылар арқалы ақынға өз сұрақтарын қойып, шығармашылығы жайлы кең мағлұмат алды. Қаламгер жыр жинағы кітаптарын жиналғандарға тарту етіп, маңайына жақұттан шашу шашқандай әсер қалдырды.

Поделиться:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>